• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Шілде, 2015

«Не? Қайда? Қашан?» зияткерлік ойынында Атырау тұрғыны жеңіске жетті

494 рет
көрсетілді

Атырау тұрғыны Құралбек Қармысов Ресейдің белгілі «Не? Қайда? Қашан?» телевизиялық, зияткерлік ойынында жеңімпаз атанды. Телекөрермендер атынан қатысқан оның сұрағына білімпаздар командасы дұрыс жауап бере алмады. Нәтижесінде, Құралбек 530 мың рубльге ие болды. Одан бөлек, қазақ жігітінің сұрағы ойынның жазғы сериясындағы ең үздігі ретінде «Хрусталь үкіге» лайық деп танылды. «Не? Қайда? Қашан?» ойы­ны Ресейдің «Бірінші арнасынан» көрсетілетіні белгілі. Отан­дасымыздың сұрағы биылғы жазғы серияның финалдық бәсекесінде қойылды. Ал бұл сында Виктор Сиднев бастаған білімпаздар ко­мандасы Александр Друзь, Борис Левин, Максим Поташов, Ми­хаил Дюба және Леонид Тимо­феев сынды әккі ойыншылардан жасақталған болатын. Топ мү­шелеріне 11 – «Хрусталь» және 2 «Гауһар үкі» тиесілі еке­нін ес­керсек, команданың қанша­лық­ты күшті екенін аңғару қиын емес. Соған қарамастан, олар қазақ­стан­дықтың сұрағына дұрыс жауап бере алмады. Атырау мұнай өңдеу зауы­тының 26 жастағы инженері Құралбек Қармысов зияткерлік сайысына бала күнінен қызығады екен. Бұл туралы ол: – Мектепте оқып жүрген кезім­де ойынға тұрақты түрде сұрақ жіберетін едім. Бірақ ешқайсысы сайыс барысында қойылған жоқ. Ал маған сәттілік алып келген сұрақты осыдан бір жыл бұрын жібердім. Шыны керек, ол туралы ұмытып та кеттім. Себебі, дәл мұндайды күтпеген едім», – деді. Құралбектің ойында қойылған сұрағы Жапонияға қатысты болды. Яғни, «Жапонияның кейбір қалаларында орыстың «Ручеек» ойынына ұқсас «Торянсэ» балалар әні не үшін қолданылады?», – деген сұраққа білімпаздар: – Кей сайыс түрлеріне қазылар алқасын таңдағанда қолданады, – деп жауап берді. Ал сұрақтың дұрыс жауабы бойынша, бұл ән бағдаршамның жасыл шамы жанған кезде зағип жандар үшін шырқалады. Себебі, «Торянсэ» балалар әнін әр жапон жатқа біледі. Соған сәйкес, әуен ойнап біткенше жаяу жүргінші жолдың келесі бетіне өтіп үлгеруі керек. Атыраулық жігіт бұл дерек туралы өткен жылы Жапонияға біліктілігін арттыру үшін барған кезінде естіген екен. Осы жеңісінен кейін телебағдарламаның редакторлары оған биылғы күзгі серияның ашылу салтанатына қатысу үшін Мәскеуге шақырту жіберген. Сол жерде білімге құштар жас инженер өзіне тиесілі «Хрусталь үкі» сыйлығымен марапатталады. Еламан Қоңыр, «Егемен Қазақстан».